Астанада маса, шіркей және өзге де жәндіктерге қарсы кең көлемді дезинсекциялық жұмыстар жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта өңдеу шараларының төртінші кезеңі жүргізілуде, оның аясында 10 мың гектар аумақ қамтылды, деп хабарлайды QazMonitor.Фо
Қала әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар екі ауысыммен жүргізіледі. Өңдеу қаланың орталық бөлігінен басталып, шеткі аумақтарға қарай ығыстыру әдісімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар қорғаныс белдеуі қалыптастырылады.
Дезинсекциялық жұмыстар күн сайын сағат 21:00-ден 05:00-ге дейін жүргізіледі. Әр кезең 20 күнге созылады, ал жалпы алты кезең өткізу жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, масалар экожүйенің ажырамас бөлігі болғандықтан, оларды толық жою мақсаты қойылмаған. Дегенмен атқарылып жатқан шаралар олардың санын 90%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Өңдеу барысында механикалық роторлы бүріккіштер, арнайы дезинсекциялық көліктер, қамысты әрі жетуі қиын аумақтарға арналған дрондар және ірі су айдындарында жұмыс істейтін арнайы жабдықталған қайықтар пайдаланылады.
Ауқымды жұмысқа арнайы дайындықтан өтіп, қауіпсіздік талаптары бойынша нұсқамадан өткен 150-ден астам дезинфектор тартылған.
Сондай-ақ тұрғын үй қорына қызмет көрсететін басқарушы компанияларға, ПИК пен МИБ-ке, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мекемелеріне, құрылыс нысандарына, базарлар мен сауда орындарына жертөлелерді құрғатып, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, оларды дезинсекциялық өңдеуден өткізу ұсынылды.
Өңдеу жұмыстары кезінде тұрғындарға өңдеу жүргізіліп жатқан аумақтарға бармау және жұмыс барысында терезелерді жабық ұстау ұсынылады.