Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Әскери қызметін өтеген 1 745 азаматқа білім гранты берілді

Әскери қызметін өтеген 1 745 азаматқа білім гранты берілді

Грант иегерлері арасында ақпараттық технологиялар мамандығы ең көп сұранысқа ие болды

QazMonitor Logo
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда белгіленген мерзімді әскери қызметін өтеген 1 745 азамат жоғары оқу орындарында білім алу үшін мемлекеттік білім беру грантына ие болды, деп хабарлайды QazMonitor.

Грант иегерлері арасында ең көп сұранысқа ие бағыт – ақпараттық технологиялар. Бұл мамандықты 234 адам немесе грант иегерлерінің 13,4%-ы таңдаған. Екінші орында орман шаруашылығы тұр. 136 азамат (7,8%) болашақ мамандығын табиғатты қорғау саласымен байланыстырған. Үшінші орында 134 адам (7,7%) таңдаған коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар мамандығы орналасқан. Тағы 119 азамат (6,8%) ақпараттық қауіпсіздік бағытын таңдады.

Жоғары оқу орындары арасында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті көш бастады. Бұл оқу орнында 156 грант иегері (8,9%) білім алуға ниет білдірген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 144 адам (8,3%) таңдады. Үшінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бөлісті. Екі оқу орнына да 134 адамнан (7,7%) түскен.

Мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің бірі – Әлихан Жамбылов. Ол ақпараттық қауіпсіздік мамандығын таңдаған.

– Ақпараттық қауіпсіздік мамандығын саналы түрде таңдадым. Бүгінде цифрлық технологиялар барлық салада қолданылады. Сондықтан ақпаратты қорғау саласының маманына сұраныс жоғары. Әскери қызметті өтегеннен кейін грант алу мүмкіндігі мен үшін үлкен ынталандыру болды. Ендігі міндетім – сапалы білім алып, білікті маман атану, – деді Әлихан Жамбылов.

Әскери қызметшілерді іріктеу «Срочники 2.0» цифрлық жобасы аясында жүргізіледі. Мерзімді әскери қызмет барысында әр әскери қызметшінің цифрлық рейтингі қалыптастырылады. Онда жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртібі және басқа да көрсеткіштер ескеріледі.

Рейтинг қорытындысы бойынша ақпараттық жүйе білім беру гранттарын автоматты түрде бөледі. Бұл іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын болдырмауға мүмкіндік береді.

2024 жылы мерзімді әскери қызметшілерге шәкіртақы төленетін мемлекеттік білім беру гранттарын алу және жатақханадан орын беруде басым құқыққа ие болу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыда бекітілді. Сонымен қатар белгіленген мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтар тікелей әскери қызмет барысында өткен іріктеу нәтижелері бойынша жоғары әскери оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болды.

Білім алуға берілетін жеңілдіктер мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған шаралардың бірі саналады. Олар жастардың запасқа шыққаннан кейін білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуына қосымша мүмкіндік береді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.