Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Қазақстан қазы мен жаяны халықаралық стандартқа енгізуді көздеп отыр

Қазақстан қазы мен жаяны халықаралық стандартқа енгізуді көздеп отыр

Жылқы етінен дайындалатын ұлттық өнімдерге арналған бірыңғай ISO стандарты әзірленуі мүмкін

QazMonitor Logo
Фото: ҚР сауда және интеграция министрлігі
Фото: ҚР сауда және интеграция министрлігі

Қазақстан жылқы етінен жасалатын дәстүрлі өнімдерді халықаралық стандарттау жүйесіне енгізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта қазы, шұжық, жал және жая секілді өнімдерге арналған әлемдегі алғашқы ISO стандартын әзірлеу ұсынылды, деп хабарлайды QazMonitor сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұсыныс ISO/TC 34/SC 6 «Ет, құс еті, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер» пленарлық отырысында айтылды. Іс-шараны Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мен «ҚазСтандарт» РМК ұйымдастырды.

Қазіргі уақытта жылқы етінен дайындалатын өнімдерге арналған бірыңғай халықаралық стандарт жоқ. Осыған байланысты әр елде терминологияға, өнімді жіктеуге, таңбалауға және сапасын бағалауға қатысты талаптар әртүрлі. Бұл өз кезегінде ұлттық өнімдерді сыртқы нарыққа шығаруға қосымша кедергі келтіруі мүмкін.

Қазақстан болашақ халықаралық құжаттың негізіне ГОСТ 34921–2023 «Ұлттық жылқы етінен жасалған өнімдер. Техникалық шарттар» стандартын алуды ұсынды. Құжатқа қазы, шұжық, жал, жая, сондай-ақ ысталған және шұжық өнімдері енгізілуі мүмкін.

Қазақстан стандарт жобасын әзірлейтін халықаралық жұмыс тобын құрып, оған жетекшілік етуге дайын. Топ құрамына жылқы етін өндіретін елдердің өкілдерін тарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар форумда Қазақстанның халықаралық стандарттау жұмыстарына қатысуын кеңейту мәселесі талқыланды. Биыл Қазақстан ISO Кеңесіне сайлауға қатысып жатыр. Ел халықаралық техникалық комитеттердегі отандық сарапшылардың санын арттыруды көздейді.

Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Қанат Қабылбековтің айтуынша, ISO Кеңесіне сайлауға қатысу Қазақстанға халықаралық шешімдер қабылдау үдерістеріне белсендірек араласуға және ұлттық экономиканың мүддесіне сай бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Кездесуде Қазақстан мен Қытайдың стандарттау және сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастығын дамыту мәселелері де қаралды. Тараптар бірлескен зерттеулер, зертханааралық салыстырулар жүргізу және сынақ әдістерін жетілдіру бағыттарын талқылады.

Жиын қорытындысында жылқы етінен жасалған өнімдерге арналған ISO стандартын әзірлеу, қазақстандық сарапшылар мен бизнестің халықаралық стандарттау жұмыстарына қатысуын кеңейту, зертханалық базаны дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту негізгі бағыттар ретінде белгіленді.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.