Қазақстан Үкіметі республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті қаулы Үкіметтің бюджетті бағалау қорытындысы бойынша қабылданды.
Енгізілген өзгерістер Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындауға арналған арнайы Жол картасын әзірлеу және оны бақылаудың нақты тетігін көздейді. Аталған бастама Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысы негізінде жүзеге асырылды.
Жаңа тәртіпке сәйкес, республикалық бюджеттің атқарылуына жауапты орталық мемлекеттік орган тиісті есептік жыл бойынша Үкіметтің есебіне Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындау жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлейді. Құжатта нақты іс-шаралар мен оларды іске асыру мерзімдері ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді кезеңдер бойынша айқындалады.
«Жол картасының жобасы келісу үшін Жоғары аудиторлық палатаға жолданады. Құжатты мақұлдау немесе ұсыныстар және ескертулермен кері қайтару үшін Жоғары аудиторлық палатаға 10 жұмыс күні беріледі. Одан кейін бақылау кезеңі басталады. Жол картасының нақты тармақтарын орындауға жауапты барлық мемлекеттік орган өз жұмысы туралы әр тоқсан сайын есеп беруге міндетті (есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-інен кешіктірмей). Палата ұстанымы берілгеннен кейін орталық орган Жол картасының орындалу барысы туралы Үкімет Аппаратын хабардар етеді», делінген ақпаратта.
Осылайша, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебіне енгізілген Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын орындау процесі ашық, жүйелі және нәтижеге бағытталған сипатқа ие болады. Әрбір іс-шара тіркеліп, бақылауға алынып, түпкі нәтижеге дейін жеткізіледі.
Жалпы алғанда, Жол картасы мен жаңа есептілік тәртібін енгізу мемлекеттік органдарға өз міндеттері мен орындау мерзімдерін нақты айқындауға мүмкіндік береді, ал Жоғары аудиторлық палатаға өз ұсынымдарының орындалуын жедел әрі тиімді бақылауды қамтамасыз етеді.
Дереккөз: Аудиторлық палата