Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS
  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. «Қуатты мемлекет құру – тұрақты энергетикадан басталады – Президент
  1. Жаңалықтар
  2. Жаңалықтар
Astana, Kazakhstan • 17 желтоқсан, 2025 | 12:52
2 мин. - оқу уақыты

«Қуатты мемлекет құру – тұрақты энергетикадан басталады – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, саланы жаңғырту мен инфрақұрылымды дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді

QazMonitor Logo
Telegram / Aqorda
Telegram / Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ақордада өткен салтанатты жиында Президент биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Энергетика саласында қызмет ету – еліміздің дамуына үлес қосу деген сөз. Әрбір үйге жарық пен жылу беру – жауапкершілігі зор жұмыс. Қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.

Telegram / Aqorda
Telegram / Aqorda

Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық дамуына назар аударып, заманауи өндіріс орындарының ашылып жатқанын, елдің цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын айтты. Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды, жақында америкалық компанияның технологиясы бойынша суперкомпьютер іске қосылды. Жаңа «дата-орталықтар» салынып, «бұлтты» инфрақұрылым қалыптасады. Бұл энергетика саласы үшін үлкен сынақ болатынын атап өтті.

Президент соңғы жылдарда атқарылған нақты жұмыстарға тоқталды.

«Соңғы алты жылда электр энергиясын өндіру 16 миллиард киловатт-сағатқа артты. Қазақстанның электр энергетикасы жүйесіне 25 гигаваттан асатын 237 электр станциясы кіреді. Қолданыстағы жалпы қуат – 21 гигаватт. Мемлекет жүргізіп отырған шаралардың арқасында энергия нысандары мен желілердің орнықтылығы айтарлықтай күшейді. Жылыту маусымында технологиялық ақаулар 27 пайызға қысқарды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасын атап өтті.

«Үш жыл ішінде кәсіпорындардың күрделі жөндеу жұмыстарына 900 миллиард теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. 2030 жылға дейін кемінде 200 нысан реконструкцияланады, 86 мың шақырым желі жаңарады. Үкіметке еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыру міндеті жүктелді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент саладағы алдағы жобаларды атады. Биыл Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының электр желілерін біріктіретін жоба аяқталады. Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынып, үшінші ГРЭС құрылысы басталады. 2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту жоспарланған. 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам қуат өндіретін нысандар іске қосылады.

Telegram / Aqorda
Telegram / Aqorda

«Қазақстан – көмірге бай ел. Бұл стратегиялық артықшылықты дұрыс пайдалану керек. Заманауи «таза көмір» технологиясына тезірек көшуіміз қажет. Сонымен бірге жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты. Экологиялық таза энергия өндірісін дамыту үшін әлемдік ең үздік компаниялармен әріптестік орнаттық», – деді Президент.

Атом энергетикасының маңызын атап өтіп, Балқаш атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикалық әлеуетін арттыратынын айтты.

«Атом станциясы экономикамыздың жаңа және сапалы деңгейге көтерілуіне ықпал етеді. Әлемде қуат көздеріне қызып жатқан тартысқа дайын болуымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент ресурстарды үнемдеуге шақырды.

«Электр қуаты, жылу және суды ақылмен пайдалану қажет. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – еліміздің энергетикалық дербестігінің кепілі», – деді Мемлекет басшысы.

Дереккөз: Ақорда

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.