Қазақстанда Air Cargo атауымен жаңа жүк авиакомпаниясын құру жоспарлануда. Бұл туралы Қазақстандық жүк және темір жол тасымалдары қауымдастығының дереккөзі хабарлады. Нарықтағы деректерге сәйкес, жүк әуе тасымалдарын іске қосу 2026 жылы еліміздің мультимодальды логистикалық экожүйесі негізінде жүзеге асырылады.
Авиакомпанияның бастапқы әуе флоты операциялық лизингке алынған үш кең фюзеляжды ұшақтан – Boeing 767 немесе Airbus 330 үлгілерінен тұрады. Компанияның алғашқы өз рейстері 2026 жылдың ортасында, әуе тасымалдаушы сертификатын алғаннан кейін басталады деп жоспарланған.
Air Cargo қызметінің негізгі бағыттары Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Еуропаға және кері бағыттағы транзиттік тасымалдар болмақ. Тасымалдар тұрақты рейстер және жүк иелерінің сұранысы бойынша чартерлік ұшулар сипатында жүзеге асырылады.
Даму стратегиясына сәйкес, операциялық және қаржылық негізгі көрсеткіштерге қол жеткізілген жағдайда әуе кемелері паркінің кезең-кезеңімен кеңейтілуі көзделіп отыр.
Жүк авиакомпаниясын құру мультимодальды логистикалық шешімдерді дамытудағы жаңа кезең ретінде қарастырылып, Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетін нығайтуға ықпал етпек.
Дереккөз: ARFC