Қазақстан Экономика және бейбітшілік институты дайындаған Global Peace Index – 2025 жаһандық бейбітшілік индексінде 56-орынға ие болды. Елдің бейбітшілік индексі 1,875-ті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бес сатыға жоғары көрсеткіш, ал индекс 0,042 балға жақсарған, деп жазады energyprom.kz.
Рейтингке сәйкес, әлемдегі ең бейбіт ел атағын Исландия 17 жыл қатарынан сақтап отыр. 2025 жылы бұл елдің индексі – 1,095. Сондай-ақ бейбіт елдердің үздік ондығына Ирландия, Жаңа Зеландия, Аустрия, Швейцария, Сингапур, Португалия, Дания, Словения және Финляндия кірді.
Global Peace Index елдердегі бейбітшілік деңгейін қоғамдық қауіпсіздік, ішкі және сыртқы қақтығыстардың ауқымы, сондай-ақ милитаризация деңгейі сияқты үш негізгі бағыт бойынша 23 көрсеткіш негізінде бағалайды. 2025 жылғы есепте әлем халқының 99,7%-ын қамтитын 163 ел мен аумақ зерттелген. Соңғы алты жыл қатарынан әлемдегі орташа бейбітшілік деңгейі төмендеп келеді, ал биыл бұл көрсеткіш тағы 0,36%-ға азайған.
Есепке сәйкес, 2025 жылы әлемде мемлекеттік деңгейде 59 қарулы қақтығыс тіркелген. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең жоғары көрсеткіш. 2024 жылы 17 елде қақтығыстар салдарынан мыңнан астам адам қаза тапқан.
Ең бейбіт емес елдер қатарында Ресей, Украина, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Йемен, Ауғанстан, Сирия, Оңтүстік Судан, Израиль және Мали аталды.
Орталық Азия елдері арасында Қазақстан ең бейбіт мемлекет болып танылды. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан (67-орын), Қырғызстан (78-орын), Тәжікстан (79-орын) және Түрікменстан (87-орын) тұр. Аймақтағы елдердің көпшілігі рейтингте позицияларын жақсартқан.
Жалпы алғанда, Global Peace Index – 2025 деректері әлемде бейбітшілік деңгейінің төмендеп жатқанын көрсеткенімен, Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан, салыстырмалы түрде оң динамиканы сақтап отыр.