2026 жылдың 31 тамызы мен 6 қыркүйегі аралығында Қырғыз Республикасында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазақстан құрамасы жарыс регламентінде бекітілген 43 спорт түрінен қатысады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 155 спортшы ресми аккредиттеуден өтті, деп хабарлайды QazMonitor Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл халықаралық спорттық-мәдини шара тек ұлттық спорт түрлерін насихаттап қана қоймай, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Кезекті алтыншы додаға Қазақстан ұлттық құрамасы жан-жақты, тыңғылықты дайындықпен баруды мақсат етіп отыр.
«Қазақстандық делегация Қырғыз Республикасына ресми іссапармен барып, ойындарға қатысты бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Ұлттық спорт түрлері бойынша жарыс нысандары таныстырылып, ұйымдастыру талаптары жан-жақты талқыланды», делінген Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ақпаратында.
Көшпенділер ойындарының ресми ашылу салтанаты Қырғызстанның бас қаласы Бішкектегі жаңадан бой көтерген «Бішкек - Арена» спорт кешенінде өтеді.
Бұл нысан – Орталық Азия өңіріндегі ең ірі әрі заманауи спорттық құрылыстардың бірі. Кешен халықаралық деңгейдегі ауқымды шараларды, масштабты мәдени және спорттық бағдарламаларды жоғары деңгейде қабылдауға толық дайын. Өңірдегі инфрақұрылымның жаңа үлгісіне айналған бұл аренада ашылу салтанаты салтанатты түрде өтіп, көшпенділер рухын асқақтатады деп күтілуде.
Қазақстан құрамасы тоғыз спорт түрінен бақ сынайды
Соңғы жылдары Қазақстанда спорт саласындағы заңнамалық база айтарлықтай жетілдірілді. Нәтижесінде 11 ұлттық спорт түрі олимпиадалық спорт түрлерімен теңестіріліп, басым спорт түрлерінің тізіміне енгізілді. Олардың қатарында қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, теңге ілу, құсбегілік, асық ату мен дәстүрлі садақ ату және жекпе-жек бар.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми бағдарламасына осы аталған заңнамалық мәртебесі бар спорттардың ішінен 9 спорт түрі енгізіліп отыр.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі спортшылардың жасақталуы мен олардың шеберлігін шыңдауын тікелей бақылауда ұстауда.
«Бүгінге дейін көкпар, қазақ күресі, асық ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша арнайы оқу-жаттығу жиындары өтті. Ал, аударыспақ пен жамбы ату спорттарынан оқу-жаттығу жиындары жалғасуда. Жалпы ойындарға дайындық аясында 9 спорт түрі бойынша 16 оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланған. Бұл жиындар ұлттық құрамалардың жан-жақты дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған», деп қосты орталықта.
Тұлпарлардың дайындығы мен қаржыландырудың ашықтығы
Көшпелі халықтардың спорт түрлерінде аттың орны айрықша. Соған байланысты бұл жолғы дайындық барысында тек спортшылардың физикалық бабына емес, додаға қатысатын сәйгүліктердің де дайындығына, бабы мен денсаулығына ерекше мән берілуде. Ұлттық құраманы жасақтау кезінде әр спортшының бұған дейінгі спорттық нәтижелері, тәжірибесі мен халықаралық жарыстардағы көрсеткіштері негізгі критерий ретінде алынды.
Оқу-жаттығу жиындары мен дайындық жұмыстары мемлекет тарапынан толыққанды қаржылай әрі логистикалық қолдау табуда. Бөлінген бюджеттік қаражаттың мақсатты, тиімді әрі ашық жұмсалуы қатаң бақылауға алынған. Барлық үдеріс есептілік пен айқындық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар спортшылардың дайындығымен қатар төрешілік жүйені жетілдіру бағытында кешенді де нақты шаралар қабылданды. Халықаралық талаптар мен заманауи стандарттарға сай келетін бірыңғай ережелер енгізіліп, төрешілердің біліктілігін арттыру мен қайта даярлау жұмыстары күшейтілді.
«2024 жылғы ойындардағы тәжірибе біз үшін маңызды сабақ болды. Әсіресе көкпардың финалы төңірегіндегі пікірталастардан кейін төрешілік жүйені жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылданды. Бүгінде халықаралық талаптарға сай бірыңғай ережелер енгізіліп, төрешілердің біліктілігін арттыру жұмыстары күшейтілді. Бұл - жарыс сапасын арттырумен қатар, бауырлас елдер арасындағы өзара құрмет пен спорттық этиканы нығайтуға бағытталған маңызды қадам», деп қорытындылады орталықта.
Еске салсақ, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылдың 8–13 қыркүйегі аралығында Астанада өтті. Бұл дүбірлі додаға әлемнің 89 елінен, соның ішінде тарихында көшпелі мәдениеті болмаған мемлекеттерден де құрамалар қатысты. Дүниежүзілік доданың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 112 медаль (43 алтын, 32 күміс, 37 қола) салып, жалпыкомандалық есепте топ жарған болатын.