Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Туризм
  3. Қарқаралы ұлттық паркі инвесторларға экоқонақүй салу үшін жер телімдерін ұсынады

Қарқаралы ұлттық паркі инвесторларға экоқонақүй салу үшін жер телімдерін ұсынады

Өңірде туризмді жаңа деңгейге шығару жоспарланып отыр

QazMonitor Logo
gov.kz
gov.kz

Қарағанды облысында экотуризмді дамыту бағытында инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экоқонақүйлер мен визит-орталықтар салуға арналған жобалар таныстырылып, құрылыс жүргізуге болатын нақты аумақтар ұсынылды, деп хабарлайды QazMonitor.

Ұлттық парк аумағының бір бөлігі туристік-рекреациялық аймақ ретінде белгіленген. Бұл табиғи тепе-теңдікті сақтай отырып, туризм инфрақұрылымын жүйелі дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда экотуризм нысандарын орналастыру үшін инвесторларға төрт жер телімі ұзақ мерзімді пайдалануға (25 жылға дейін), сегіз телім қысқа мерзімді пайдалануға (5 жылға дейін) берілген.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Төлепбаевтың айтуынша, парктің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары бекітілген.

«Туризмді одан әрі дамыту мақсатында қысқа мерзімді пайдалануға қосымша 14 телім қарастырылып отыр. Сонымен қатар алты телімді ұзақ мерзімді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде Шайтанкөлге апаратын туристік соқпақ бойынан үш телім ұзақ мерзімді пайдалануға белгіленді», – деді ол Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде.

Сондай-ақ экоқонақүй салуға қолайлы өзге аумақтар да айқындалған. Инвесторлар үшін әлеуетті алаңдар ретінде Самал көлі маңы, Жауыртоғай және Комиссаровка сайлары ұсынылып отыр. Кәсіпкерлер тарапынан нақты жоба ұсынылған жағдайда, қолданыстағы талаптарға сәйкес конкурс жарияланады. Конкурс нәтижесінен кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бір жыл, құрылыс жүргізуге екі жыл уақыт беріледі.

Жеке бағыт ретінде визит-орталық салу жобасы да ұсынылған. Бұл нысан туристерді қабылдау деңгейін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экотуризмнің өңір экономикасына қосатын үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қарқаралыдағы Табиғат музейін жаңғырту жоспарланып отыр. Мұнда цифрлық экспозициялар мен интерактивті технологияларды енгізу көзделген. Музей аумағындағы 82 гектар жерді алып жатқан зоологиялық вольерде бизондар мен маралдар жартылай еркін жағдайда ұсталады. Аталған нысанды жаңғырту мемлекеттік-жекешелік әріптестік немесе бірлескен қызмет туралы келісім аясында жүзеге асуы мүмкін.

Кездесу барысында Ақмола және Қарағанды облыстары аумағында орналасқан «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жобалары да таныстырылды. Бұл парк аумағында визит-орталық, демалыс базасы және глэмпингтер салу жоспарланып отыр.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.