Қазақстанды жаңалықтар мен шабыт арқылы ашыңыз
QazMonitor Logo
Facebook Qazmonitor iconInstagram Qazmonitor iconTiktok Qazmonitor iconTwitter Qazmonitor iconTelegram Qazmonitor iconYoutube Qazmonitor iconRSS

STOCKS

  1. Басты бет
  2. Жаңалықтар
  3. Есептілік қысқарып, айыппұлдар жойылады: Салық жүйесінде не өзгереді

Есептілік қысқарып, айыппұлдар жойылады: Салық жүйесінде не өзгереді

Салықтық әкімшілендіру жаңа форматқа өтеді, шағын бизнеске қысым азаяды

QazMonitor Logo
telegram / KZgovernment
telegram / KZgovernment

Қазақстанда салықтық әкімшілендірудің формасы өзгереді. Бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев бизнеске қысымды азайтып, цифрландыру арқылы салық төлеушімен өзара іс-қимылды сервистік форматқа көшіруге бағытталған тәсілдерді таныстырды. Реформалар пакеті жаңа Салық кодексі аясында кезең-кезеңімен енгізіледі және ең алдымен микро және шағын бизнеске әсер етеді.

Оның сөзінше, негізгі өзгерістердің бірі – салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшуі болады. Енді Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушіні тіркелген сәттен бастап қызметінің барлық кезеңінде цифрлық құралдар арқылы сүйемелдейді. Бұл үшін МКК жүйелері екінші деңгейлі банктердің платформаларымен және басқа да цифрлық арналармен интеграцияланады.

«Шешімдердің ішінде декларацияны алдын ала толтыру және автоматты түрде декларациялау, маңызды оқиғалар бойынша (мысалы, ҚҚС бойынша есепке тұру кезінде немесе салықтық есептілікті ұсыну мерзімі келгенде) push-хабарламалар бар. Жекелеген процестер өтінішсіз форматта болады, мысалы, мемлекеттік алымды автоматты түрде қайтару немесе салықтарды автоматты есепке жатқызу. ҚҚС төлеуші ретінде тіркелгеннен кейін кәсіпкер МКК платформасында электрондық шот-фактуралармен қалай жұмыс істеу керек, ҚҚС бойынша базалық ұғымдар, ЭШФ жазып берудің және декларация тапсырудың негізгі мерзімдері туралы базалық оқудан өтеді», деді министр.

Сондай-ақ қосымша онлайн-көмекші калькулятор іске қосылатынын айтты. Ол кәсіпкердің сауалнамасы бойынша оңтайлы ұйымдық-құқықтық нысанды, сәйкес келетін салық салу режимін, есептілік тізбесін, тапсыру және төлеу мерзімін, тіркелудің және өз міндеттемелерін орындаудың түсінікті бағытын көрсетіп береді.

Қаржы министрлігі салықтық есептілікті жүйелі түрде оңтайландырып жатыр. Соңғы жылдары есеп формаларының саны 2019 жылдан бастап 70-тен 28-ге дейін (60%) қысқарған. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мүлік, жер және көлік салықтары бойынша ағымдағы тоқсандық есептеулер жойылады.

«Кәсіпкер тек бір декларация тапсырады және тек жыл қорытындысы бойынша төлейді. Маңызды жаңалық — есептілікті ұсынбағаны үшін айыппұл салу тәжірибесінен бас тарту. Егер декларация ұсынылмаса, ол нөлдік көрсеткіштермен берілді деп есептеледі. Бұл ретте қосымша есептілік беру және деректерді дұрыс нақтылау құқығы сақталады», деп қосты Такиев.

Сонымен қатар салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібі де өзгереді. Енді шағын сомалар үшін микро және шағын бизнеске шектеу қою тәжірибесі азаяды. Бұрын 6 АЕК-тен (шамамен 26 мың теңге) бастап өндіріп алу шаралары қолданылса, енді бұл шек 20 АЕК-ке (87 мың теңге) дейін көтеріледі. Ал әлеуметтік төлемдер бойынша 6 АЕК-ке немесе 26 000 теңгеге дейін бекітіледі.

«Бұл неге маңызды? Бүгінде әлеуметтік төлемдер бойынша шектердің болмауынан өндіріп алу шараларына дәл осы микро және шағын бизнес ілігеді. Борышкерлердің шамамен 72%-ының 6 АЕК-ке дейінгі қарызы бар. Осыған байланысты шығыс операциялары тоқтатылады. Бизнес уақыты мен ақшасын жоғалтады. Енді, егер берешек 87 000 теңгеге дейін болса, тек хабарлама жіберіледі, тек өсімпұл есептеледі. Басқа шаралар жоқ», деді министр.

Оның сөзінше 87 мың теңгеге дейінгі қарыз бойынша тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Ал 20–45 АЕК аралығында шығыс операциялары тек қарыз көлемі шегінде шектеледі. Тек одан жоғары берешек кезінде мүлікті тізімдеу және басқа да қатаң шаралар қолданылады.

Бұған қоса кейінге қалдыру мен бөліп төлеу жеңілдейді. Жаңа кодекс 6,5 млн теңгеге дейінгі берешегі бар салық төлеушілерге кепілсіз және банктік кепілдіксіз бір жылға дейін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін береді. Министр бұл рәсімдердің жеделдеуіне және бюрократияның қысқаруына жол ашады деп есептейді. Өндірушілер үшін импортқа ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру тетігі де қарастырылған.

Сондай-ақ 2026 жылдан бастап микро және шағын бизнес үшін «таза парақтан» салықтық әкімшілендіру енгізіледі. Бұл 2026 жылға дейінгі кезеңдер үшін камералдық бақылау мен тексерулердің жойылуын, өткен операциялар бойынша сот талаптарының тоқтатылуын білдіреді. Сонымен қатар ҚҚС бойынша бұзушылықтарға жол берген кәсіпкерлер негізгі қарызды өтеген жағдайда айыппұл мен өсімпұлдан босатылады. Бұл шаралар шамамен 2 млн кәсіпкерге әсер етеді.

Қаржы министрі Қазақстанда 2026 жылдан бастап «Халықтық бухгалтер» бастамасы іске қосылатынын хабарлады.

«Акцияның мақсаты — бухгалтерлік және салықтық есептілікті дайындау және тапсыру кезінде жеке кәсіпкерлер мен микро-шағын бизнес субъектілеріне өтеусіз негізде консультациялық көмек көрсету», деді ведомство басшысы.

Жоба микро және шағын бизнеске бухгалтерлік және салықтық есеп бойынша тегін консультациялық көмек көрсетуге бағытталған. Онлайн-кеңестер, вебинарлар және тақырыптық сессияларға кәсіби бухгалтерлер мен аудиторлар тартылады.

Еске салсақ, 2026 жылы Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жаңа кодекске сәйкес, қосылған құн салығы (ҚҚС) 16% мөлшерінде болады.

The Qazaqstan Monitor сайтында жарияланған мақаладағы тек 30% мәтінді бастапқы көзге міндетті гиперсілтеме берумен пайдалануға болады. Толық мақаланы қайта жариялау үшін редакциядан жазбаша рұқсат қажет.