Еуропалық Euronews телеарнасы Қазақстанның қысқы туризмін танытуға арналған «Современные кочевники» бағдарламасының жаңа эпизодын ұсынады. Бағдарлама биыл ақпан айында эфирге шығып, 160-тан астам елдегі шетелдік аудиторияға көрсетіледі, деп хабарлайды QazMonitor.
Түсірілім жұмыстарын ұйымдастыруға Kazakh Tourism, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Ауыл» мейрамханасы қолдау көрсеткен.
Бағдарламада Алматы тау кластерінің туристік инфрақұрылымы мен даму әлеуеті кеңінен таныстырылады. Euronews шығармашылық тобы Орталық Азиядағы ең танымал қысқы туристік локациялардың біріне айналған «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына ерекше назар аударған. Көрермендерге заманауи аспалы жолдар, әртүрлі деңгейдегі шаңғы трассалары және курорт аумағындағы сервистік инфрақұрылым көрсетіледі. Сондай-ақ бағдарламада өңірдің табиғи көрікті жерлерінің бірі – Үлкен Алматы көлі қамтылған.
Айта кетейік, Euronews телеарнасының жиынтық аудиториясы 400 млн-нан астам көрерменді құрайды.