Қазақстан Үкіметі 2026 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдету шараларын жалғастыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды QazMonitor Мемлекеттік кірістер комиетіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты салық заңнамасында белгіленген мерзімде төленбеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша өсімпұл есептелмейді. Бұл талап аванстық және ағымдағы төлемдерге де қатысты болады.
Алайда жеңілдік барлық салық түріне қолданылмайды. Атап айтқанда, төлем көзінен ұсталатын салықтар, импортталатын акцизделетін тауарларға салынатын акциздер, импорттық қосылған құн салығы және әлеуметтік төлемдер бұл шарадан тыс қалады.
Сонымен қатар 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін кей жағдайларда өсімпұл қайта есептелуі мүмкін. Бұл қосымша салық есептілігі тапсырылғанда немесе мемлекеттік кірістер органдары салықтық әкімшілендіру нәтижесінде салықтар мен төлемдер сомасын қайта есептеген жағдайда жүзеге асырылады.